12 маусым күні «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында «Бүгінгі әлемдік ядролық өнеркәсіп» тақырыбымен үш күндік оқу курсы басталды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және Дүниежүзілік ядролық университет (ДЯУ) арасындағы ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде ұйымдастырылған шара ядролық саладағы зерттеулермен байланысты білім беру мен кәсіби кадрлар дайындауды мақсат еткен.
Семинар қатысушылары алдында құттықтау сөз сөйлеген «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Өндіріс және ЯОЦ жөніндегі бас директоры Бауыржан Ыбыраев Қазақстанның атомдық ғылымын дамытудағы бұл шараның маңызын атап өтті.
«Бүгінгі Қазатомөнеркәсіп – уран өндірісі ғана емес, сонымен бірге үлкен ғылым. Соған байланысты кадрлар даярлау біз үшін аса маңызды іс. Біз атом саласына арнап мамандар дайындайтын еліміздің жетекші оқу орындарымен келісім жасадық. Жуырда Алматыда Атом өнеркәсібінің халықаралық ғылыми-оқу орталығын аштық, бұған көптеген елдер қызығушылық танытып отыр. Сол себепті Дүниежүзілік ядролық университеттің мәртебесі, халықаралық сарапшылар тәжірибесі біз үшін үлкен маңызға ие», - деді Бауыржан Ыбыраев.
Шараға ғылыми жұртшылық, ірі уран компанияларының қызметкерлері қатысып отыр. Спикер ретінде Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтан Шах Наваз Ахмад пен Джонатан Кобб, MZ Консалтингтен Милтон Каплан, Аргентинаның ядролық реттеу органы өкілі Абель Гонсалез және Exelon Nuclear Partners аға вице-президенті Амир Шакарами сияқты халықаралық сарапшылар шақырылған. Баяндамашылар ядролық энергетиканың қазіргі жайы мен жаһандық перспективалары, технологиялар, қауіпсіздік және әлемдік энергетика нарығындағы сұраныс пен ұсыныстар жайлы әңгімеледі.
Джонатан Кобб БҰҰ-ның болжамдарына сүйене отырып, адамзатты үлкен урбанизация күтіп тұрғанын, бұл электр энергиясына сұранысты сөзсіз арттыратына тоқталды.
«2050 жылға қарай әлем халқының 66% қалада тұратын болады. Африка мен Азияда қала тұрғындарының өсімі 90%-ға жетеді. Қазір миллиондаған тұрғыны бар қалаларда 1,25 млрд адам өмір сүріп жатса, 2030 жылдары ол 2,2 млрд болады. Сондықтан болашақта электр энергиясының өскелең сұранысын ядролық энергетика қамтамасыз етуі мүмкін», - деп түйіндеді спикер.
ДЯУ алғашқы оқу курсын 2007 жылы ҚХР-да өткізді. Қазірге дейін ұйымдастырылған мұндай 37 курсқа (Аргентина, Бразилия, Қытай, Иордания, Малайзия, Моңғолия, Румыния, Сингапур, Оңтүстік Африка, Оңтүстік Корея және Түркия, т.б. елдерде) 3500-дей адам қатынасқан.