Қарапайым өмірде көп нәрсемен ісі бола бермей, ара-тұра ағайынның біріне қайғы келсе жұрт болып қайысып, қуаныш келсе дүйім ел болып шаттанатын бұл қазақтың бәсеке, дода, жарыс десе ішкен асын жерге қоятыны бар. Онысы – өзгеден атым оза шауып, асығым алшысынан түссін дегені емес, қандай сайыс болсын бағы мен бабы келіскен шын жүйрік пен спортшының жұлдызы жансын деген игі тілегі. Сондықтан көрерменге де, жанкүйерге де бірініші кезекте кіл жүйріктер бақ сынайтын аламан, қас шеберлер ойынмен қатар, өнер көрсететін дүбірлі дода қымбат. Міне, осындай таңдай қақтырар тамаша ойындарымен есте қалғанжарыс –«Степное-РУ» ауыспалы кубогының ІІ турнирі болды.
Желтоқсан айының 24-25 жұлдызында Созақ ауданының Қыземшек кентіндеспорттың кіші футбол түрінен өткен бұл жарысқа 14 команда қатысқан болатын. Олар: Сыр өңірінен келген – «КГЭП», «КАПСТРОЙ» және Созақ ауданының «Созақ», «Таукент», «Сызған», «Қуаныш-Таукент», «Достар» (Шолаққорған), «Ішкі істер бөлімі», «Степное-РУ», «Уанас», «АқДала», «Таңбалы-Тас», «Жуантөбе», «Сырлы-Созақ» командалары. Екі күнге созылған тартысты бәсекеде 4 команда топ жарып, қомақты жүлделерді олжалады. IV орынға тұрақтаған «АқДала» командасы 20 000 теңгеге, ІІІ орын иемденген «Қуаныш-Таукент» командасы 50 000 теңгеге, ІІ орынды олжалаған «Достар» командасы 70 000 теңгеге ие болса, І орынды жеңіп алған «Степное-РУ» командасы 100 000 теңгені қанжығасына байлады. Көрерменге керемет демалыс, жанкүйерге қуаныш алып келген бұл жарыста шеберлігімен таңдай қақтырған жеке-дара ойыншылар да алғыс пен сыйақыдан кенде болмады. Жарыс қорытындысы бойыншақарсыластың соққыларын қалт жібермей, ала допты уысынан шығармаған Жайсаңбаев Жасұлан «Үздік қақпашы», қамал қорғаған батырдай табандылық танытқан Қошанов Шапағат «Үздік қорғаушы», алаң төрінде ақылы мен әдісін қатар қолданып, тамаша ойын көрсеткен Болатұлы Мақсат «Үздік ойыншы» атанса, қарсыластың қақпасына ала доптан салым салуда алдына жан салмаған Әуезханов Нұрлан «Үздік шабуылшы» номинациясымен марапатталды. Жарыс соңында ойынға қатысқан командалар турнирді ұйымдастырып, жарыстың бар шығыны мен жүлделеріне демеушілік жасаған «Степное-РУ» өндіріс орнының директоры С.Кушегов мырза мен төрешілерТ.Құдияров пен Р.Нұржанбаевқа үлкен алғыстарын білдірді.
Дана халқымыз «Тән саулығы – жан саулығы» деген емес пе?! Салауатты өмір салтын насихаттап, жігерлі, қайратты азаматтарды қалыптастыру – тән саулығының кепілі болса, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналып, елдік рухты асқақтатумен қатар, спортшылар арасындағы сыйластықты, достықты дәріптеген «Степное-РУ» ауыспалы кубогының ІІ турнирі жан саулығының да жаршысы болды демекпіз! Тәңіріміз тәніміз бен жанымызға саулық беріп, елдігіміз бен еркіндігімізді мәңгі қылғай!
Балағазиев Саян - «КАЗАТОМПРОМ-SAURAN» ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ШЕКТЕУЛІ СЕРІКТЕСТІГІНІҢ «СТЕПНОЕ-РУ» ФИЛИАЛЫ